С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ алдағы уақытта профессорларына арнап 12 қабатты тұрғын үй салатын болады.
Бұл туралы бүгін Астанада университеттің жас мамандары мен докторанттарына, магистранттарына қызметтік баспана тапсыру салтанатында университет ректоры Ақылбек Күрішбаев мәлімдеді, дейді BAQ.kz.
Университет тарихында алғаш рет жас мамандарға, докторанттар мен магистрларға пәтер кілтін табыстауға Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университеті» АҚ Басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев және оқу орнының ардагер ұстаздары мен студенттер, жас мамандар қатысты. Пәтерлі болған ұстаздарды құттықтау сөзінде университет ректоры тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісті.
«Кезінде осы баспаналарды салу үшін Астананың төрінен қала әкімдігі 1 гектар жер берген болатын. Ол кезде Иманғали Нұрғалиұлы әкім еді. Әкімшілікке үлкен алғысымызды білдіреміз! Міне ұстаздарымызға арнап 5 қабатты үш үйді салдық. Дегенмен тағы бір үй салатын орын бар. Сол жерге өзіміздің оқу орнында жұмыс істейтін профессорларымызға арнап арнайы баспана салатын боламыз. 12 қабаттан тұратын бұл үй Астананың көркіне сән береріне сенімдіміз» - деді Ақылбек Күрішбаев.