Астанада қайырымдылық марафонына жеті мыңнан астам адам қатысты

Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

Марафонға алғашқы жылы 700 адам, былтыр 4500 адам қатысты. Биыл әртүрлі қашықтық бойынша жүгіремін деушілердің саны рекордтық көрсеткіш 7200-ге жеткен. Олардың арасында Германия, Манила, Ресей, Қытай, Украина және тағы да әлемнің басқа 20 елінен келген қатысушылар бар.

Марафоншылар 4 қашықтық бойынша: балалар 2 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтсе, 14 жастан жоғарылар 5, 10, және 42,2 шақырымға жүгірді.

Старт басталмастан жүгірушілер денелерін ширатып алды. Марафонды толық жүгіретіндерге арнап әр 10 шақырым сайын жүгіру жолында су, жемістер беретін пункттер қойылды. Сондай-ақ марафонда дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметі кезекшілік етті.

Марафон қорытындысы: 10 км қашықтыққа жүгіруден ерлер арасында Нүркен Өмірбай (0:35:47), әйелдер арасында Екатерина Грицай (0:42:08), 21 км қашықтыққа жүгіруден ерлер арасында Құдайберген Зейноллаев (1:09:44), әйелдер арасында Ольга Богомольская (1:22:14), толық марафон қашықтығы 42,2 шақырымға жүгіруден Вадим Максименко (2:34:56), әйелдер арасында Қымбат Елтаева (3:36:18) жеңімпаз атанды. Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды.

Ұйымдастырушылардың алдын ала мәліметтері бойынша, «BI-Жұлдызай» қайырымдылық қорына 22 млн теңгеден астам қаржы түскен.

Осыған дейін BI-Group холдингінің директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев компанияның бірнеше жылдан бері осындай шараны өткізіп келе жатқанын, сондай-ақ тіркелу жарнасының бәрі соңғы тиынына дейін «BI-Жұлдызай» қайырымдылық қорына берілетінін атап өткен болатын. Марафонды ұйымдастыруға кететін шығындарды компания мен оның серіктестері көтерді.


Марафон бас төрешісінің көмекшісі, қазақстандық ультрамарафоншы, халықаралық спорт шебері, Азия, Африка, Австралия мен Америкадағы ірі шөлдерді бір өзі жүгіріп шыққан әлемдегі жалғыз адам Марат Жыланбаев BI Marathon Қазақстандағы жалғыз 100% қайырымдылық марафоны деп атап өтті.

«Ең қолжетімді спорт түрі ол – жүгіру. Әлемнің кез келген нүктесінде жүгіре беруге болады. Осындай компаниялар диваннан тұрып, жүгіруге, қайырымдылықпен айналысуға итермелейтіні ғажап. Бұл марафон басқалардан қала тұрғындарына ыңғайлылық жасау арқылы ерекшеленеді. Марафон болатын күні жолдың көп бөлігі жабылмады, сол үшін де адамдар шағымданбайтын болады», - деді Марат Жыланбаев