Астанада Қалдыбектің ән кеші қалықтады

Өнер сүйер қауым дарынды сазгердің «Қариялар азайып бара жатыр», «Кiрмешi жиi түсiме», «Қиялдағы қалқа», «Ән-аға немесе Шәмшiмен сырласу», «Жайықтың толқындары» және басқа да тамаша әндерін сүйсіне тыңдап, қошеметпен қол соқты.

Сазгердің тамаша әндерін Қазақстанның Халық артистерi Мақпал Жүнiсова мен Тұңғышбай әл-Тарази және белгілі әншілер Гүлмира Ақүрпекова, Әділ Сламхан, Жеңіс Ысқақова, Саят Медеуов, Тамара Асар, Тахмина Әшімбекова, Жұбаныш Жексенұлы, Еркін Нұржан, Айкерім Қалаубаева, Мұрат Тоқашбаев, Есет Сәдуақасов, Әбдіхан Бескемпірұлы және басқа да өнер иелері көермендер назарына ұсынды. «Каспий» тобының жігіттері де бірнеше әнді шырқап, тыңдаушылардың құрметіне бөленді.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Фариза Оңғарсынова сазгер Қалдыбек Құрманәлiге ізгі тілектерін айтып, өнер жолына табыс тіледі. Қазақы ырым бойынша жолың ашық, тіл-көзден аман жүр деп тұмар бейнесіндегі сыйлықты табыс етті.

Елорда көрермендері алдында «Жас қазақ үні» газетінің Бас директоры - Редакторлар кеңесінің төрағасы, ақын Қазыбек Иса Қалдыбекке арнаған өлеңін оқып берді. «Ән-аға жайлы әдемі әнді жаздың да,

Шәмшінің алдың ескегін!»,- деді ақын Қ.Иса.

Бұл күні кейбір кештердегідей даңғұр-дұңғыр әуенге жер тепкілеген әртістер болған жоқ. Ұлттық бояуы мол концерт болды. Әрбір көрермен ән кешінен рухани байып, жаны тынығып, көңілі өсіп отырды.