Синоптиктер Астанада алдағы бірнеше сағаттың ішінде жаңбырдың арты қарға ұласатынын болжап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» «Қазгидромет» РМК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алдағы 3 тәулікке берілген ауа райы болжамына сәйкес, Астанада таяу сағаттардың ішінде жаңбырдың соңы қарға ұласады. Еске салайық, өткен демалыс күндері бірнеше өңірде ауа райының күрт өзгеруіне байланысты ескерту жарияланған болатын. Қазақстан аумағына қар алып келуі мүмкін циклондар жылжуда. Қазірдің өзінде республиканың батысында орналасқан циклон батыс және солтүстік аймақтарға қар мен жаңбыр түріндегі жауын-шашын алып келді», - деп хабарлады агенттікке синоптиктер.
Сонымен қатар «Қазгидрометтің» болжамына қарағанда, ылғалды қар мен көктайғақ алдағы үш тәулік бойы сақталады. «Алдағы үш тәулікте жаңбырдың арты жиі қарға ауысып отырады. Циклонның және онымен байланысты суық атмосфера ағынының жылжуынан республиканың солтүстік-шығысында, солтүстік, орталық, кейіннен шығыс облыстарында қар молынан жаууы мүмкін. Батыстан соққан желдің екпіні 23-28м/с-ке жетеді, кейбір жерлерде бұрқасын, көктайғақ болады», - деп мәлімдеді «Қазгидромет» РМК-дан.
Ертең, 25 қазан күні Астанада күн бұлтты, ара-тұра қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Жел батыстан, солтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады. Ауа температурасы түнде -3 және -5°С төңірегінде, күндіз 0 -2°С нөлден төмен болады.
26 қазанда елордада күн құбылмалы, көшпелі бұлт шығып, түнде аздап қар жауады. Жел солтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен соғады. Ауа температурасы түнде -3 және -5°С нөлден төмен, ал күндіз 0 және -2°С төңірегінде болады.