Астанада қарттарға арналған жаңа орталық ашылды

 «Арман қала» тұрғын-үй кешенінде орналасқан екі бөлмелі шағын орталық, қажетті жиһазбен қамтамасыз етілген. Мұнда зейнеткерлерді түрлі маман иелері жеке сұрақтары бойынша қабылдап, алуан тақырыптар талқыланатын дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілетін болады. Орталықта қариялар бос уақытын өткізіп, үстел ойындарын ойнап, мерзімді баспасөз құралдарындағы жаңалықтармен таныса алады.

«Біз зейнеткерлеріміздің қаланың қоғамдық өміріне етене араласқанын қалаймыз.Мұндай орталықтарды ашудың жастар үшін де тәрбиелік мәні зор. Олар зейнеткерлерге арнап концерттер, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, қарияларға тиісті көңіл бөлетін болады. Мұнда 180 адам бар. Олардың төртеуі «Астана Жилсервистің» жетекшілігімен бірлесіп осы ғимаратты күтіп ұстайтын болады», –  деп мәлімдеді Есіл ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Рысты Атығаева.  

Бұл – елорданың сол жақ жағалауындағы бесінші шағын орталық. Мұндай шағын орталықтарды «Есіл» ауданы әкімі аппараты мен Есіл ауданы ардагерлер кеңесі бірлесіп, «Нұрсая-1», «Уют», «Номад», «Инфинити-1» тұрғын-үй кешендерінде ашқан болатын.


Келесі жылы елорданың сол жақ жағалауында тағы да екі шағын орталық ашылады деп күтілуде.