Астанада «Қазақстан - ғарыш айлағы» көрмесі ашылады

Бұл туралы ҚР «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады.

1961 жылы 12 сәуірде адамзат баласы ежелден келе жатқан арманын тұңғыш рет жүзеге асырды - жердің тартылыс күшін жеңіп, жерді ғарыштан бақылауға мүмкіндік алды. «Восток» ғарыш кемесімен «Байқоңыр» ғарыш алаңынан Юрий Гагариннің көкке самғауы өркениеттің дамуындағы жаңа дәуірді ашты. Жер шарын айналған орбиталық ұшу - көрнекті кеңестік конструкторлардың таланты мен ғарышкерлердің батылдығының арқасында іске асқан алғашқы ғарышқа бастаған қадам болған еді.

Ғарышты бағындыруда Қазақстан тарихтан лайықты орын алады. 2013 жылы 2 қазанда ғарыш кеңістігінде болған тұңғыш қазақ - еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіровтің ерлігіне 23 жыл толады.

«Қазақстан - ғарыш айлағы» көрмесіне Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдары «Назарбаев орталығы» ММ-не сыйға берілген ғарышқа ұшуға қатысты, ғарышкерлерге байланысты материалдар, фотосуреттер, ғарышкерлердің қолтаңбасы қойылған портреттері, төссбелгілері, маркалар, кәдесыйлар келушілердің назарына ұсынылады.

Тақырыпқа сай ұйымдастырылған кітап көрмесі де адамзаттың ғарышты игеру тарихын жан-жақты таныстырып, толықтырып тұрады.

Көрменің ашылуына ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев, дипломатиялық миссиялардың, мемлекеттік органдар және БАҚ өкілдері қатысады.

«Қазақстан - ғарыш айлағы» көрмесі өз жұмысын 14 сәуірге дейін жалғастырады.