Астанада Қазақстан мен Испания Іскерлік кеңесінің II отырысы өтіп жатыр

Отырыстың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Бақытжан Жақсалиев атап көрсеткендей, өткен жылы Қазақстан мен Испания арасындағы сауда-саттықтың көлемі 1 млрд. 280 млн. АҚШ долларын құрады. Екіжақты байланыстар, көбінісе, Үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарлама аясында дамып келеді. «Дегенмен, біздің сауда-экономикалық әлеуетіміз толыққанды игеріліп жатқан жоқ. Оны кеңейте түсу қажет. Әсіресе, біз Испанияның отандық құрылыс материалдарын өндіру саласына келуін қалаймыз», - деп атап көрсетті Б.Жақсалиев.

Қазақстан - Испания іскерлік кеңесінің II отырысы бес топқа бөлініп, жұмыс істеуде. Бірінші топ - электроника, телекоммуникациялар және ақпараттық технологиялар, екінші топ - көлік пен инфрақұрылым, үшінші топ - энергетика, машина жасау, химия, мұнай химиясы, экология және қоршаған ортаны қорғау, төртінші топ - ауыл шаруашылығы, ал бесінші топта туризм және қызмет көрсету саласындағы бірлескен жобалар талқылануда.