Астанада Қазақстан -Ұлыбритания кеңесінің сауда және индустрия жөніндегі отырысы өтуде

Отырысты ашқан ҚР индустрия және сауда министрі Сауат Мыңбаевтың хабарлауынша, кеңес ауқымды мәселелер топтамасын талқылайтын болады. Қазақстан экономикасын әртараптандыру ісінде Ұлыбританияның қолдау жайы әңгімеге басты арқау болмақ.

Сонымен бірге Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді перспективада тұрақты дамуы мен шетелдік инвесторлар үшін айрықша маңызды мәселелер талқыланады. Әсіресе мұнайгаз инфрақұрылымын, шағын және орта кәсіпкерлік, салықты реттеу және білім беру салаларын дамытуға баса назар аударылмақ.
ҚР СІМ-нің ақпаратына жүгінсек, 2005-жылдың алғашқы жартысында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 368,7 млн. долларды құрады. 1993-2005-жылдардың қорытындысы бойынша Ұлыбритания еліміз экономикасына салынған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемімен үшінші орынға шықты. Осы мерзімдегі инвестиция ауқымы 4,3 млрд. доллар немесе жалпы тікелей инвестициялар көлемінің 10,6 процентін құрады.