Концертті Вашингтон штатынан келген «Сити Дэнс» қазіргі заманғы би ұжымы, Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы мен Семей қаласының Балет мектебінің ұжымдары берді.
Шараны ұйымдастырушылар - ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Қазақстандағы АҚШ Елшілігі.
«Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тілдәш Битуованың айтуынша, «Сити Дэнс» ұжымына қазақстандық жас таланттармен бірлесіп өнер көрсету ұсынысы өз тарапымыздан жасалды.
«Шараны өткізудегі мақсат - дарынды балаларды іздеп табу және оларды қолдау. Біздің желімізде 107 мектеп бар. Олардың ішінде бір мектеп - Семейдегі балет мектебі, тағы бірі Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы. Американдық «Сити Дэнс» би ұжымы біздің балаларға арнап концерт береміз дегенде, биыл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында сондай-ақ, алдағы ЕҚЫҰ саммиті аясында неліктен бірлескен жоба жасамаймыз деген ой туындады», - деді ол.
Т.Битуова, әлемдегі ең танымал балет ұжымдарының бірімен бір сахнада өнер көрсету, қазақстандық балаларды ынталандырып, жетістіктерге ұмтылуға жетелейді деген сенімін білдірді.
Сахнада америкалық ұжымды қоспағанда Атырау мен Семейден 80-ге жуық бала өнер көрсетті.
АҚШ-тың Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Памэла Спратлен, Қазақстан Үкіметі мұнша баланың Астанаға келуіне ықпалын тигізуі, елде мәдениет, өнер мен білімге деген ықыластың жоғары екендігін көруге болатындығын айтты.
Айта кетейік, «Сити Дэнс» ұжымы 2009 жылы Колумбия округінде мәдениет саласында берілетін ең жоғары награда - Вашингтон мэрінің наградасына ие болып, Вашингтондағы ең беделді қазіргі заманғы би ұжымы атанды.
Қазақстан-американ балет ұжымдары бүгін Конгресс-Холда мектеп оқушылары үшін концертті тегін берді, ал қыркүйектің 25-і күні Бейбітшілік және келісім сарайында олар би өнерін сүйер қауым мен осы сала майталмандарының алдында өнер көрсетеді.