Астанада Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жөніндегі комитетінің отырысы басталды

Отырысты ҚР вице-премьері Ахметжан Есімов ашты.

Екі жақты кездесудің күн тәртібі бойынша комитеттің тең төрағалары - ҚР вице-премьері Ахметжан Есімов пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері У И баяндама жасайды.
А.Есімов Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуда ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның жуырдағы сапарының маңызын атап өтті. "Бұл сапар аясында көптеген құжаттарға қол қойылды. Олардың арасындағы ең маңыздысы - стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларация болмақ",- деді вице-премьер.
Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері У И "кейінгі жылдары Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы үлкен қарқынмен дамып келе жатыр" деп атап өтті. "Өзара саяси ықпалдастық аясы кеңейе түсті, тараптар БҰҰ, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы және Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі кеңес ұйымы сынды көп жақты формат аясында да ынтымақтастық орнатты",- деді ол. Ол сонымен бірге "отырыс барысында екі жақты және комитет шеңберіндегі ынтымақтастыққа қатысты көптеген мәселелер топтамасын талқылауға" әзірлік танытты.
Комитет мәжілісінің қорытындысы бойынша бірқатар бірлескен құжаттарға қол қойылмақшы. Атап айтсақ, отырыс күн тәртібінде "Қазфосфат" компаниясы мен ҚХР Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы "Нункен" агрохимиялық компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі ниет хаттамасына қол қою қарастырылған.
Өзара ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитеті республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында 2004-жылдың мамыр айындағы үкіметаралық келісім негізінде құрылған. Осындай комитет құру туралы идея Қазақстан мен Қытай арасындағы 2003-2008-жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында туындады. Екі жақты қарым-қатынастың түрлі бағыттары бойынша 10 ішкі комитет пен аталмыш комитетке бағынышты трансшекаралық өзендер жөніндегі комиссия құрылды.
Комитет мәжілісінің алдында ҚР вице-премьері Ахметжан Есімов 13-шілдеде Қазақстанға жұмыс сапарымен келген ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері У Имен жеке жүздесті.