Қаршыға Ахмедияров 1946 жылы наурыздың 25-інде Атырау облысы, Махамбет ауданының Таңдай ауылында дүниеге келді. 1972 жылы Алматы консерваториясының халық аспаптары факультетін бітірді. Қали Жантілеуов, Құбыш Мұхитов, Уәли Бекенов сияқты күй майталмандарынан дәріс алып, үлкен өнер жолына түседі. 1967 жылдан бастап Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, концертмейстер қызметтерін атқарады. Қ.Ахмедияровтың репеhтуарында қазақтың халық сазгерлерінің күйлері, орыс және Батыс Еуропа сазгерлерінің белгілі шығармалары орын алды. 1974 жылдан Алматы консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданады, домбыра кафедрасын басқарады. Ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысып, ол өңдеген қазақ сазгерлерінің шығармалары музыкалық оқу орындарында және концерттерде орындалды.
Қ.Ахмедияров тек шебер орындаушы ғана емес, ол зерделі зерттеуші, 60-тан астам күй шығарған талантты композитор ретінде де танылған тұлға. Оның «Шашақты найза, шалқар күй» атты кітабы, «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Нұрғиса», «Қыз-ғұмыр», «Аққайың», «Желдірме», «Алтын ұя» және т.б. күйлері елге кеңінен танымал. «Атырау», «Сарыарқа», «Жігер», «Әсем қоңыр», «Шынар», «Табыну» атты күйлер жинағы жарық көрді. 500-ден аса күйлері радио, теледидар мұрағаттарында сақтаулы.
Талантты музыкант гастрольді сапармен дүние жүзінің көптеген елдерінде болып, қазақтың қара домбырасының әсем сазын танытты. Оның өнерін АҚШ, Жапония, Франция, Куба, Швеция, Италия, Финляндия, Үндістан, Швейцария, Норвегия, Польша, Португалия, Швеция, Мажарстан, Йемен, Ангола және тағы да басқа елдердің көрермендері жоғары бағалаған болатын.
Қазақ музыка өнерін дамытудағы жоғары шығармашылық жетістіктері үшін Қ.Ахмедьяровқа 1982 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы, 1992 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі атақтары берілді. 2000 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.
Қазақтың белгілі композиторы, күйші, домбырашы, ҚР Халық әртісі Қаршыға Ахмедияров Алматыда 2010 жылдың маусымында, 65 жасқа қараған тұсында қайтыс болды. Қаршыға Ахмедиярұлы - жан-жақты ірі музыкант, қайталанбас дара тарлан талант иесі ретінде танылып, халықтың шексіз ықыласына бөленді. Оның музыка өнері саласындағы бүгінге дейінгі жеткен жетістігі - кім-кімге де үлгі-өнеге, келер жас ұрпақтарға арналған асыл мұра болып қала бермек.