Астанада қоғамды демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтуде

Бұл жиналыста Ұлттық комиссия мүшелері "Жергілікті өзін-өзі басқару туралы"заңның жобасын талқылап, азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы мен жергілікті әкімдерді сайлау мерзіміне қатысты ұсыныстарды қарайды. Күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылау барысында Ұлттық комиссия мүшелері сонымен қатар тұтқындау шарасына сот тарапынан санкция беру жөніндегі заң жобасы мен Қазақстан журналистерінің конгрессі әзірлеген "БАҚ туралы" заңның жобасын талқылауға шешім қабылдады.

Отырысты ашқан Ұлттық комиссия төрағасы әрі Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Болат Өтемұратов комиссия құрамына өзгерістер енгізілгенін хабарлады. "Отан" партиясы бюросының шешімімен комиссияға мүшелікке Амангелді Ермегияевтің орнына партия төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұловтың аты ұсынылды.
Б.Өтемұратов осы орайда комиссияға "Ақжол" партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтан "партияның іс-шаралар жоспарына сәйкес" хат келіп түскенін жеткізді. "Комиссия мүшелерімен ақылдаса отырып, олардың өтініші негізінде мен партиясының ұсыныстарын тікелей өзі таныстырып, пікірталас өрбітсін деп Бәйменовты осы жолғы отырысқа шақырдым",- деді Б.Өтемұратов. "Ақжолдан" әзірге жауап келген жоқ, "дейтұрғанмен мен өзара ынтымақтастығымыздың әр жаққа да тиімді болатынынан үміттенемін",- деді Ұлттық комиссия төрағасы.