Астанада «Қолжетімді баспанаға» құжат қабылдау басталды

Үлестірілгелі отырған 678 пәтер мына құрылысы әлі жүріп жатқан «Шығыс» тұрғынүй кешенінде. Әкімдік бұл үйлер жыл аяғына дейін салынып бітеді деп отыр. Арзан пәтердің өзі екі жолмен бөлінбекші. 169 пәтер сатып алу құқығымен 15 жылға жалға берілсе, ал 509 пәтер тікелей сатылымға шығады. Оның әр шаршы метрі 180 мың теңге. Шенеуніктер бұл бағдарламаға бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскерилер, мүгедектерге беріледі деп отыр. Ал, коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегінде тұрған және жалғыз пәтері апатты жағдайда деп танылған азаматтар қатыса алмайды. Жалпы, Астанада бүгінде 32 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр екен.


Руслан Ахметов, Астана қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы :

-Бағдарламаға ең алдымен Астана қаласында үй кезегінде тұрғандар ғана қатыса алады. Үй кезегіне кім ертерек тұрды, басымдық соларға беріледі. Құжаттарды қабылдау кезінде еш дау-дамай туындамас  үшін арнайы орынды да бекітіп қойдық. Үй алуға құжат тапсыру 13-қазан мен 25-інші қазан аралығында жүргізіледі.