"Шикізат секторынан түскен кірісті қалыптастыруға және оны пайдалануға мониторинг жасау : Бюджеттік Кодекстің жобасын талқылау" атты дөңгелек үстелге мәжіліс және сенат депутаттары, президент әкімшілігінің өкілдері, министрліктер мен мекемелер, халықаралық және бейресми ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Бюджеттік Кодекс жобасын жасау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, сенат депутаты Владимир Егоровтың айтуынша, "Кодекс - еліміздегі бюджеттік жүйені одан әрі дамытуға құқықтық және инстуционалдық негіз қалауға бағытталады".
Жаңа Бюджеттік Кодекс әр деңгейдегі бюджеттерді жоспарлау және атқару процедураларын заңдық регламентациялау, жалпы бюджеттік жүйенің ашықтығын қамтамасыз ету арқылы бюджет қаржысының пайдаланылуына бақылау қою тиімділігін арттыруға бағытталады дейді депутат. Алайда, оның айтуынша, кез-келген жоба секілді Кодекс жобасы да дәйекті өңдеуді талап етеді.
Мәселен, қазіргі жағдаймен депутаттар мен аймақтардағы өкілдерден келтірілген пікір, ұсыныстарды қамтитын 643 түзету енгізілген салыстырмалы кесте түзілді.
Сондай-ақ, ҚПТО директорының орынбасары Қайрат Берентаевтың пікірінше, Кодекс жобасындағы ҚР Ұлттық қорының іс-қызметін регламентациялауға қатысты бөлігінде қорды қалыптастыру көздерінің тұрлаулылық ахуалы күдік тудырып отыр. "Ұлттық қордың толықтырылуы көп жағдайда сыртқы экономикалық қолайлы конъюнктураға, атап айтсақ, мұнай бағасының жоғары болуына тікелей сабақтас",- деді ол.
Осыған орай ҚПТО өкілдерінің пайымдауынша, Ұлттық қордың негізгі кірісі табиғи рентадан құрылуы тиіс. Ал бұрынғы заң бойынша Ұлттық қор бюджетті қалыптастыру барысында жоспарланған баға мен нақты сату бағасы арасындағы айырмашылықтан түскен салық түсімдері мен шикізат секторынан бюджетке түсетін түсімдердің 10 проценті шамасындағы трансферттен құралатыны белгілі.
Талқылау нәтижесінде Бюджеттік Кодекс жобасына қатысты ұсыныстар мен ескертпелер әзірленіп, олар ҚР парламенті мен үкіметіне жолданады.