Мәселен, Астана қалалық аумақтық сәулет-құрылыс бақылауы, инспекциялық тексеру және лицензия беру басқармасының жоспарлы тексеру қорытындысы бойынша бірқатар нысандарда құйма темірбетон құрылғыларды тұрғызу барысында Мемлекеттік стандарттар мен құрылыс норма-ережелерін бұзу оқиғалары анықталған. Осындай жайтқа байланысты Есілдің сол жағалауындағы Комсомольский ауылындағы тұрғын үй кешенінің құрылысы мен Елордасындағы №6 ықшамаудандағы тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары тоқтатылды. Бетон сапасының осалдығына байланысты бұл нысандардың конструкциялары қосалқы зертханалық тексеруден өткізілетін болды.
Сонымен бірге, "2000 орынға есептелген цирк ғимараты", "Астана халықаралық әуежайының жаңаланған ғимараты", "Темір жол бекетінің реконструкциясы" сынды нысандарда металл қаңқаларды тұрғызуда Мемлекеттік стандарттар мен құрылыс норма-ережелерін бұзу оқиғалары анықталған. Қазіргі жағдаймен ереже бұзу оқиғалары ретке келтірілді.
Баспасөз қызметінен хабарлағанындай, жалпы алғанда, Астанада салынып жатқан жаңа нысандар мен қолданылатын материалдар сапасын қадағалауға айрықша назар аударылады. Елордасында құрылыс материалдары мен түрлі өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін зерттейтін 8 сынақ зертханасы жұмыс істейді.