Байқауды ұйымдастырушы ҚР Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті. Мемлекеттік қызметшілер арасында командалық құрамда мұндай байқау осымен екінші рет өткізіліп отыр. Оған барлық облыстардан, Астана мен Алматы қалаларынан бір-бірден және ҚР Әділет министрлігінен жеке бір команда қатысты.
Байқауды ашқан Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаровтың айтуынша, қоғамдағы әртүрлі ахуалдарға, қалыптасқан жағдайларға, тілдің еңсерілмеуі мен оған қатысты проблемалардың тереңдеп кеткеніне байланысты мемлекеттік тілді дамыту мәселесі осы күнге дейін созылып келеді.
«Қалай болғанда да, мемлекеттік тілдің аясы кеңейді, мемлекеттік тілде мемлекеттік қызмет тыныстай бастады. Бұл - бағдарламалық міндеттердің орындалғанының көрінісі деп есептеу керек. Солай бола тұрса да, бірқатар проблемалар бар. Өйткені біз мемлекеттік қызметтің барысындағы мемлекеттік тілді өз деңгейінде әлі де орнықтыра алмай отырмыз. Шын мәнісінде, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік тіл бір-бірімен сабақтас, бір-бірімен етене жақын болуға тиіс ұғымдар. Мемлекеттік қызметтің жөн-жосығы, дәстүр-салты әбден қалыптасып болғанымен, мемлекеттік тіл оның төріне әлі толық шыға алмай жатқанын жасыруға болмайды», - дейді ол.
Б.Омаровтың пікірінше, мемлекеттік қызметкерге ауызекі тілде сөйлей алу жеткіліксіз. Ол ұлттық менталитетке, қалыптасқан дәстүрге сай еркін сөйлеуі сондай-ақ, мінберде тұрып жұртты еркін үйіріп алып кететіндей, іс қағаздардың иін қандырып, сөздің мәйегін сақтай отырып жаза алатындай деңгейде болуы керек. Және бүгінгі байқау мемлекеттік қызметкердің осы идеалданған бейнесін көрсету үшін ұйымдастырылып отыр.
Байқау бес кезеңнен тұрды. Қатысушылардың міндеті - олардың барлығын сахналанған көріністер ретінде ұсыну. Олардың біріншісі - команданың өзін таныстыруы (топтың атауы, ұраны, мақсаты мен міндеті). Екіншісі - мемлекеттік тілді басқару қызметінде және іс жүргізуде қолдану, пікір алмасу. Үшіншісі - қазақ тілінің жаңа технологияларда қолданылу үрдісін көрсету. Төртіншісі - қатысушылардың терминдерді білу деңгейлерін сарапқа салу. Ал бесіншісі - Елбасының, ғалымдар мен саяси қайраткерлердің тіл туралы айтқан даналық сөздерінен, болмаса ресми құжаттар мен ҚР Заңдарынан үзінділер келтіру.
Қазылар алқасына ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Дархан Қыдырәлі төрағалық етуде.