Астанада режиссер Болат Ұзақовтың 50 жасқа толу мерейтойына орай шығармашылық апталығы өтеді

Апталық барысында режиссер сахналаған қойылымдар: 22 қаңтарда - У.Шекспирдің "Гамлет" трагедиясы; 23 қаңтарда - С.Тұрғынбекұлының "Мұқағали" поэтикалық драмасы; 24 қаңтарда - Д.Рамазанның "Кенесары - Күнімжан" драмасы көрсетіледі.

25 қаңтар күні сағат 18.30-да режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың «Режиссер әлемі» атты шығармашылық кеші өтеді.

Болат Қасымжанұлы Ұзақов- режиссер, актер және драматург. 1997 жылы Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына режиссер қызметіне арнайы шақырумен келген.

1980-1984 жылдары Алматы Мемлекеттік театр-көркемсурет институтының театр факультетін халық артисі А.Тоқпановтың және халық артистері Ы.Ноғайбаев пен Ф.Шәріпованың шеберханасын «Кино және театр актері» мамандығы бойынша бітіріп шықты.

1994-1997 жылдары Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Драма режиссері» мамандығын халық артисі М.Байсеркенов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Асылхановтан бітірді.

1984-1997 жылдары Талдықорған облыстық Б.Римова атындағы қазақ драма театры сахнасында 40-қа жуық кейіпкер сомдап, театрдың белді актері болды. Ойнаған образдары арқылы өзінің сахнада ойлай білетін, жан-жақты шебер актер екенін танытты. Сахнагер ретінде еңбегі бағаланып, көптеген фестивальдерден жүлделі орындар мен мақтау грамоталарына және бағалы сыйлықтарға ие болды.