"19 жылдан кейін": Астанада Самбодан әлем чемпионаты өтеді

ҚР Самбо федерациясы құрылғалы, отандық спортшылар көптеген маңызды шараларға қатысып, ел намысын халықаралық аренада қорғап жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бүгінде федерацияда 43 мыңға жуық спортшы бар. Самбо күресінен тұңғыш Әлем чемпионаты 1973 жылы Иран астанасы Тегеран қаласында өткен. Сол жылдан бері 46 рет еліміздің жалауы әлемдік ареналарда көтерілген. Қазақстандық спортшылар алдағы Әлем чемпионатында да есе жібермей, боз кілемде барын салып, алтын медальді қоржынға салады деген үміт бар.

ҚР Самбо федерациясының Бас хатшысы Ерназар Бексұлтанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, федерация жыл сайын самбодан Қазақстан Республикасының чемпионатын өткізіп келеді. Сонымен қатар 2022 жылы Ақтау қаласында Азия кубогын, 2023 жылы Астана қаласында Азия чемпионатын, биыл Ақтау қаласында Азия және Океания чемпионатын өткізді. 2023 жылы Астанада өткен Азия чемпионаты өтті, 2024 жылы Ақтау қалсында болған Азия және Океания чемпионатына 25 мемлекеттен 500 астам спортшы бақ сынады. Федерацияның ұйымдастырған әрбір чемпионат жоғары деңгейде, ойдағыдай өтіп жатыр.   

«Спортшыларымыз қажетті тәжірбиелерін жинақтап, жеңіс тұғырынан да көрінді. Өзге де жарыстарға қатысуға шабыт алады. Шетелдік қонақтар еліміздің қонақжайлығын көріп, көрікті жерімізге тамсанды», – деді спикер. 

Енді федерация Астана қаласында Әлем чемпионатын өткізуге дайындалып жатыр. Қазіргі алға қойған басты мақсаттарының бірі – Әлем чемпионатын өткізу, додада спортшыларымыздың жоғары деңгейде нәтиже көрсетіп, көк байрағымызды көкке желбірету, Әлем чемпиондарын шығару. Ал, келер жылы клубтық системаны дамытып, жастар, жасөспірімдер және кіші жасөспірімдер санын көбейту, кішкентай бүлдіршіндерді спортқа баулу жоспарда бар. 

8-10 қараша күні Астана қаласында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ересектер арасында жауынгерлік, спорттық самбодан және зағиптар арасында самбодан Әлем чемпионаты өтеді. Бұндай ауқымды дода ҚР Самбо федерациясының ұйымдастыруымен елімізде 19 жылдан кейін өткелі отыр.

Әлем чемпионатына бүгінгі күнге дейін 85 мемлекеттен спортшылар қатысуға өтінім білдірді. Елордамызға 750-ден астам шетелдік қонақ келеді деп күтілуде. Бұл алдыңғы чемпионаттармен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. ҚР Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов ОКҚ алаңында осылай деді.

«Одан бөлек, елордамызға спорт саңлақтарын арнайы қонақ қылып шақырып жатырмыз. Қазақстанда, үш дүркін әлем чемпионы, 4 дүркін әлем чемпионы, мықты спортшылар шыққан. Атақты 4 дүркін чемпион Ерболат Байбатыров бар. Жауынгерлік самбодан Алмас Сүлейменов бар – 3 дүркін әлем чемпионы және т.б.», – деді спикер.  

М.Бисекенов мұндай ауқымды шаралардың маңызын ерекше атап өтті. Себебі бұл жарыстар өскелең ұрпақтың спортқа деген құштарлығын оятып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға сеп болады. Сондай-ақ Әлем чемпионатының өткізілуі еліміздің туристік әлеуетін арттыруға айтарлықтай әсер етеді.  

Самбодан әлем чемпионатына 28 түрлі салмақтағы спортшылар қатысады, зағип жандар 3 салмақ дәрежесінде күреседі. Осы доданың сыйақы қоры 311 мың долларды құрайды. 1-орын алған спортшылар 4 мың доллар, 2-орын алғандар 3 мың доллар, 3-орын алған 2 спортшыға 2 мың доллардан беріледі. Зағип жандар арасында жеңіске жеткендер 1 мың доллар алады.