Екі көзге ерік берген бұл жұрт міне үшінші ай болды, далада қаңғып жүр. Қала іргесіндегі саяжай тұрғындарын әкімдік «жер мемлекет иелігіне қажет» деп, жалғыз баспаналарынан шығарып жіберген. Орнына өтемақы берген. Бірақ болмашы тиын-тебенге келіспеген жұрт бүгін мынадай темірдің үстіне шығып айқайлауға мәжбүр.
Ашынған бұл тұрғындардың талабын келіп тыңдамаса да, бүгін Парламенттің төменгі палатасында депутаттар нақ осы мәселені көтерген болатын. Жер, баспанаға қатысты заң жобасының кейбір тұстарын халық қалаулылары Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтен сұрады. Бірақ сүруге кеткен саяжайды пәтер бағасымен бірдей ету керек деген депутаттардың ұсынысы министрге мүлдем ұнаған жоқ.
Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі :
-Саяжай бағасы мен пәтер бағасы екеуі екі бөлек әңгіме. Саяжайлар мемлекет қажеттілігі үшін алынып жатыр. Саяжай болған соң оның бағасы да төмендеу болуы тиіс.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
-Сіз мысалы, қандай шешім ұсынар едіңіз осы адамдарға? Әрине, ұсынар ештеңе жоқ! Біз ол адамдардың бәрін өз қолымызбен далаға лақтырып, олардан қаңғыбас жасап жатырмыз!
Баспана, жер дауы дегенде делебесі қозатын депутаттар «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын да естен шығарған жоқ. Қолжетімді баспанаға көптің қол жетпей жатқанын сынға алды. Өйткені, үй алам деп армандаушы азамттың ай сайынғы жалақысы 250 мың теңгеден кем болмауы керек екен.
Шамасы, баспана мәселесі Парламентте әлі біраз уақыт аялдайтын түрі бар. Өйткені, заң жобасындағы бірқатар бапқа өзгеріс енгізілмек: оның ішінде жерді тартып алу, саяжай мен қараусыз қалған баспана туралы. Айтпақшы, «Ақ жол» партиясы егер құжат қабылданса, заңға байкот жариялауға бекініп отыр.