Астанада сексенге таяған зейнеткер полицияға пышақ ала жүгірді

Қоқыстан коллекция жинайтын замандасынан әсіресе Валентина әжей  әбден мезі болыпты. Қос қарияның үйлері жапсарлас орналасқан. Қалдық толы пәтерден қашқан тарақандар оның үйіне қарай тіке тартады. 

Валентина Чечина, көршісі:

- Тарақандар табалдырықтан төрге дейін өріп жүр. Қысы-жазы дәрі шашқанмен пайда жоқ. Қоқыстың иісіне де тойдық.

Жалғыз басты қария үйіне қоқысты түнде тасиды, - дейді көршілері. Ал, күндіз адам баласын есігінен сығалатпайды. Қонақ күткенді онша ұнатпайтын зейнеткер «үйде жан жоқ» дегеннің белгісі ретінде есігіне үнемі мына қара құлыпты іліп қояды екен.

Тұрғындардың айтуынша, «қоқыс коллекционерімен» күрес 20 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Атышулы пәтерге айына бір рет тексеру келеді. Құзырлыларға құлақ аспайтын қарияны полицейлер бүгін тағы тілге тартып көрмек болды.

Осылайша тексеруге келген лауазымды полиция қызметкері күтпеген жерден жаралана жаздады. 

Жұрттың берекесін бұзған пәтердің өзі мынау. Қоқыс баспананың аузы-мұрнынан ағып жатыр. Шіріген тағам, тау болып үйілген киім-кешек, істен шығып қалған бірнеше тоңазтқыш пен темір-терсек толы. Алайда, үй иесі мұның бәрін өзінің жеке мүлкіне балап отыр.


Владимир Сапега:

- Ол жерде қоқыс атымен жоқ. Пакеттер, өзіме қажетті заттар тұр. Исі де шықпайды. Мына шулап жүрген көршілердің мақсаты ортақ – олар менің пәтерімді тартып алмақшы.

Ал,77 жастағы қарияның «тіс қаққан» басшыларына бас салғанын естіген сақшылар бүгін аяғынан тік тұрды. Оқиға орнына қосымша күш жұмылдырылды, тіпті жедел тергеу тобы да жетті. 

Саятбек Жантаев, Астана қалалық ІІД басқарма бастығы:

-  Жаңа пәтерге кірген кезде, азамат қолында пышақ болды. Пышақпен атылды маған. Ол кісі әкімшілік бұзушылық  ретінде ұсталды. Қазір мен ІІД басшылығына баяндадым, тергеу тобын шақырдық. 

Өз пәтерін қоқыс қорасына айналдырған қарияға қатысты қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Егер оның сақшыға суық қару сілтемек болғанын ескерсек, қария үйіндегі келеңсіз жағдай үшін ғана емес, қылмыстық әрекеті үшін де жауапқа тартылуы әбден мүмкін.