Астанада Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің оныншы мерейтойлық саммиті басталды

Саммитке Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао, РФ президенті Владимир Путин, Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов, Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы Құрманбек Бакиев келді. Сондай-ақ, саммитке Шанхай ынтымақтастығы ұйымының жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие Монғолияның президенті Намбарын Энхбаяр қатысуда.

Саммитте ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікке, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы күреске қатысты өзекті проблемалар талқыланады. Сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше-елдердің ұйым шеңберінде басымдық берілген бағыттардағы өзара ықпалдастығын нығайту мәселесі де күн тәртібінде. Ұйымға мүше-елдердің мемлекет басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, лаңкестік, сепаратизм және экстремизммен бірлескен күрес тақырыптарын да талқылайды.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының саммитінде басқа да мәселелермен бірге Иран, Пәкістан және Үндістанға Шанхай ынтымақтастығы ұйымының жанындағы бақылаушы мәртебесін беру мәселелері қаралады.
Саммит қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастығы ұйымының жетекшілері үш құжат қабылдайды. Атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы мемлекет басшыларының декларациясына қол қойылып, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің лаңкестік, сепаратизм және экстремизммен күрес саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі тұжырымдама мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің аймақтық антитеррорлық құрылымның жанындағы тұрақты өкілдері туралы тәртіптер бекітіледі.