Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері қорғаныс министрлерінің кеңесі өтеді


 Қазақстанның елордасына Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері келе бастады. ШЫҰ қатысушы елдері қорғаныс министрлерінің кеңесі шеңберінде Астанада ШЫҰ мүше мемлекеттері әскери үрмелі оркестрлерінің «Бейбітшілік кернейі» атты 3-ші халықаралық фестивалі өтеді. ШЫҰ қатысушы елдері әскери музыканттарының фестиваліне Қырғыз Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы әскери оркестрлерінің жеке құрамы қатысады.

Дәл бүгін сағат 20.00-де Астананың төрінде орын тепкен «Бәйтерек» монументінің алаңында барлық өнер сүйер қауым ШЫҰ мүше мемлекеттері әскери оркестрлерінің жанды дауыстағы орындауларына құлақ құрыштарын қандыра алады.  Онда плац-концерті бар концерттік өнер көрсету өтеді. Фестиваль 8 маусымда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының алдында ғаламат плац-концертпен аяқталады. ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрдің музыканттары қазақтың ұлттық нақыштағы әуендеріне аса мән беріп,  сазгерлеріміздің әйгілі музыкалық шығармалары мен қазақтың ұлттық әндерінен попурри ұсынғанын естеріңізге сала кетейік.