Астанада «Шекарашы балақай» мультсериалының салтанатты презентациясы өтті

Жоба ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Әскери-патриоттық қызмет басқармасы бастамасымен «Balapan» телеарнасымен бірлесіп жүзеге асырылды.

 «Шекарашы балақай» — Қазақстандағы әскери тақырыптағы дебюттік анимациялық жоба. Мультхикаяның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, мемлекеттік шекараны қорғаудың маңызын түсіндіру және әскери қызметке деген құрметті арттыру екені хақ.

Іс-шара барысында ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары, генерал-майор Төлеужан Джунусов жобаның маңыздылығына тоқталып, әскери-патриоттық тәрбиенің жас ұрпақ үшін ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Шекара қызметі жүйесінде 380 әскери-патриоттық клуб қарқынды жұмыс істеп, оларда                    5 700-ден астам тәрбиеленуші білім алуда.

««Шекарашы балақай» сияқты жобаның дүниеге келуі біз үшін үлкен қуаныш. Бұл – тек мультхикая ғана емес, балаларға түсінікті тілде Отанға қызмет ету, шекара күзетшілерінің еңбегін құрметтеу және ел алдындағы жауапкершілікті сезіну құндылықтарын жеткізетін заманауи құрал. Шекара қызметі үшін әскери-патриоттық тәрбие әрқашан ерекше назарда, және біз бұл бағыттың жаңа, қолжетімді әрі әсерлі форматта дамып жатқанына қуаныштымыз», - деді Шекара қызметі директорының орынбасары.

Іс-шара барысында қонақтар мультхикаяны тамашалап, жобаның бастамашылары және оны жүзеге асырған шығармашылық топ өкілдерімен кездесті.

Аталған іс-шараға әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, оқушылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен республикалық БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар мұндай жобалардың жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өтті.

Автор: Caravan.kz