Бүгін іс-шараны ұйымдастырушы - ҚР Мәдениет министрлігінің өкілдері мен қазылар алқасының мүшелері журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
ҚР ММ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Роза Кәрібжанова атап көрсеткендей, фестивальді өткізудегі мақсат қазақтың ән өнерін дамыту, қазақ вальсінің королі Ш. Қалдаяқовтың мол мұрасын халық арасында орындап жүрген дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету, қазақ эстрадасының маңдайалды шеберлерінің өнерін кейінгі жас буынға үлгі ету, сондай-ақ дарынды композитордың шығармаларын ұлықтап, бұқара халыққа насихаттау болып табылады.
Халықаралық фестивальға Қазақстанның 10 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен Шәмші әндерін орындап жүрген барлығы 23 жас әнші қатысады.
Байқау екі кезеңмен өткізіледі. Президенттік Мәдениет орталығында 14 қыркүйек күні таңертең, оның бірінші - іріктеу кезеңі, түстен кейін жеңімпаздар анықталатын екінші кезеңі өтеді. Үміткерлерге Шәмші әндерінің алғашқы орындаушылары, қазақтың эстрадалық әндерінің негізін қалап, оларды әлі күнге дейін насихаттап жүрген аға буын әншілер қазылық ететін болады. ҚР халық әртісі Е.Хасанғалиев төрағалық еткен әділ қазылар алқасына 5 адам енді - ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжан, композитор, продюсер Қалдыбек Құрманәлі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева және Ш.Қалдаяқовтың тұяғы, Абай атындағы Опера және балет театрының дирижері Мұхтар Қалдаяқов.
Е.Хасанғалиевтің айтуынша, байқауға өзге мемлекеттерден орындаушылардың қатысуы Шәмші әндерінің географиялық жағынан кең тарағандығын көрсетеді. Шәмшінің 1960-шы жылдардың басында жазған алғашқы әндерін насихаттауға «Қазақ радиосының» сол кездегі жеке әншілері Е.Хасанғалиев, Н.Нүсіпжанов, Суат Әбусейітов, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева және тағы басқалардың қосқан үлестері сүбелі.
«Сол кезде Шәмші бізге келіп, әндерін көрсететін. Біз оларды эфир арқылы елге таратушы едік. Қазір Құдайға шүкір, ағамыздың әндерін білмейтін қазақ жоқ, оларды жас баладан бастап еңкейген қарияға дейін біледі. Ол халық композиторы болып кетті. Енді біз Шәмші ағаның әндерін халықаралық дәрежеге жеткізуге, оларды шет елдерде насихаттауға өз үлесімізді қоссақ деген ойдамыз», - деп атап өтті Е.Хасанғалиев.
Қазылар мүшелері жас орындаушыларға Ш.Қалдаяқовтың «Қарқаралым», «Кел,Бурабай» секілді сирек айтылатын әндерін көбірек айтуға, дәріптеуге кеңес берді. Осы себепті қазылар алқасы, алдағы байқауларда естігілері келетін әндердің тізімін жасауы ықтимал.
Байқау жеңімпазының есімі 16 қыркүйек күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтетін гала-концерт барысында жарияланады. Бас жүлде иегеріне 1 млн. теңге сомасына қаржылай сертификат табыс етілетін болады.
Гала-концерт барысында Шәмші әндерін жас орындаушылармен бірге қазылар алқасының мүшелері, сондай-ақ Б.Төлегенова, Н.Үсенбаева, Т.Забирова, Ж.Жексенұлы, А.Қосанова, С.Медеуов секілді танымал әншілер молынан шырқайтын болады