Астанада Шымкент әуежайын Ауғанстан операциясы аясында Дания Әскери Әуе Күштеріне қосалқы аэродром ретінде беру туралы меморандумға қол қойылды

Қайрат Әбусеитовтің айтуынша, лаңкестікпен күресте халықаралық қоғамдастыққа қолда бар мүмкіндікпен жан-жақты қолұшын беруге бағытталған ресми Қазақстандық позицияға сәйкес осындай шешім қабылданып отыр.

Вице-министрдің айтуынша, келісім бойынша Даниялық әскерилердің Қазақстан аумағында тұрақты орнығуы қарастырылмаған, әрі Даниялық ұшақтар Шымкент әуежайында тұрақты орналаспайды. Меморандумда атап көрсетілгеніндей, ұшу барысына қатер төндіріп, ұшақты жедел қондыруға мәжбүр ететіндей төтенше апатты жағдай орын алғанда ғана Даниялық ұшақтар Шымкент әуежайын пайдалана алады. Апатты жағдайда жедел қонуға мәжбүр болған ұшақтар ақау жөнделгеннен кейін әуежайдан ұшып кетуге тиіс. Дания жағы Шымкент әуежайы тарапынан көрсетілген қызметтер төлемін өтеуге міндетті.
Сонымен бірге, келісімге сәйкес Қазақстан тарабы ауа райы ахуалына, немесе төтенше жағдайға байланысты ұшу-қону жолдары жабылғанда, және мәртебелі саяси қайраткерлердің ұшағын ұшырып-қондырған жағдайда Даниялық ұшақтарды әуежайға қондырудан бас тарта алады.