Астанада шымкенттік жігіт автобус жолаушыларының көңілін көтеруде

Астана автобустарында Шымкенттен келген Махамбет есімді жігіт гитарамен ерекше шоу көрсетіп жүр. 

Басында қалпағы бар, риясыз жымиып қана мұртты азамат қалалық маршруттарда ән салып, жолаушыларды таңғалдыруда. Оның репертуарында қазақ, орыс тілдеріндегі әндер бар. Кейде автобус әртісі тыңдармандарға ән таңдауды ұсынады.

Жолаушылар музыкантты әрқалай қабылдайды: біреулер үнсіз тыңдаса, кейбірі қошеметін аямайды, ал бірі телефонға түсіріп қызықтайды.

Астана әкімдігінің медиа орталық тілшілері қалалық автобустардың біріне кіріп, әншіні кездейсоқ кезіктіріп қалып, жолаушылардың көңіл күйін көтеріп жүрген оған сұрақ қоюға асықты.

Махамбет өзі туралы көп айтпады. Ол өзі Шымкенттен Астанаға шақырту бойынша келген. Кафеде өнер көрсетіпті, алайда онда оған назар мен қошемет аздық еткенін айтады. Бұл оның қалжыңы немесе шын сөзі екені белгісіз.


Жолаушылар көлігі басқармасы әнші әртүрлі бағыттағы қоғамдық көліктерде жолақасын төлеп, шын беріліп әнін шырқап жүргенін жеткізді. Өнері үшін автобустарда ақша жинап жүргені әлі байқалмаған.