Астанада Сирия мәселесi бойынша келiссөздер бүгiн жалғасты

Келiссөздерге Сирия үкiметi мен оппозиция, Ресей, Түркия және Иран үкiметiнiң өкiлдерi, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкiлi және АҚШ-тың Қазақстандағы елшiсi қатысып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz.

«Жұмыс жалғасып жатыр. Келiссөздердiң қашан аяқталатыны алдағы талқылауларға байланысты болады. Бiз әдеттегiдей аяғы жақсы болады деген үмiттемiз», - дедi тiлшiлерге БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкiлi Стаффан де Мистура.

Кеше келiссөздердiң бiрiншi күнi түн жарымға дейiн жалғасты. Жалпы, келiссөздер күрделi өтiп жатыр. Десек те, келiспеушiлiктер көп болғанымен, кейбiр сарапшылар бiрiншi күннiң нәтижесiн оң бағалап отыр.

Екiншi күнi кездесудi түсте аяқтау көзделген едi. Бiрақ бүгiн де келiссөздер кешке дейiн жалғасуы мүмкiн. Әзiрге делегация өкiлдерi баспасөз мәслихатын Қазмедиа орталығында сағат 14.00-де өткiзедi деп жоспарланған.

Айта кетейiк, Астанадағы келiссөздерге Сирия үкiметi мен оппозиция, Ресей, Түркия және Иран үкiметiнiң өкiлдерi, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкiлi Стафан де Мистура және АҚШ-тың Қазақстандағы елшiсi Джордж Крол қатысып жатыр. Астана келiссөздерiнiң басты мақсаты – өткен жылдың соңында қол жеткiзiлген бiтiм туралы келiсiмдi нығайту.

Сирия мәселесiн реттеу бойынша Астанада кездесу өткiзу бастамасын Ресей мен Түркия президенттерi ұсынған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсынысқа қолдау танытты. Бiздiң елiмiз келiссөздер өткiзуге тек алаңқай ұсынып отыр, өзi бұл процеске қатыспайды.


Астанаға Сирияның үкiметтiк делегациясын БҰҰ жанындағы тұрақты өкiл Башар Аль-Джафари бастап келдi. Ал Сирия оппозициясының делегациясы 15-ке жуық оппозиция тобының өкiлдерiнен тұрады. Бұдан бөлек, Ресей делегациясына РФ президентiнiң Сирияны реттеу бойынша арнайы өкiлi Александр Лаврентьев, Түркия және Иран делегацияларына сыртқы iстер министрлерiнiң орынбасарлары жетешiлiк еткен.

Бүкiл әлем бақылап отырған Астана процесiнен 400-ден астам журналист ақпарат таратуда. Келiссөздерге 320 шетелдiк және 120 қазақстандық тiлшi тiркелген. Журналистер үшiн Қазмедиа орталығында арнайы баспасөз орталығы ұйымдастырылды.