Астанада сириялық оппозиция өкілдерінің келіссөздері басталады

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін бүкіл әлем Таяу Шығыста болып жатқан оқиғаларға алаңдаушылық танытуда. Сириядағы жағдай әлемдегі ең ауыр дағдарыстың біріне айналып, өңірлік мәселелердің шегінен шықты.

Қазақстан БҰҰ қамқорлығымен Сирияның ішінде және сыртында қолданылатын диалог пен ымыраласу жолдары арқылы елдегі зорлық пен қантөгісті жедел тоқтату мақсатында ауыр гуманитарлық апатты еңсеру және Сирия саяси болашағын айқындауға бағытталған әрекеттерді қолдайды.

Осыған дейін Сирияның оппозициялық күштер тобы Қазақстанға Сириядағы дағдарысты реттеу мәселесі бойынша келіссөздерде делдалдық ету туралы өтінішін білдіргені белгілі.

Осы елдегі аса ауыр гуманитарлық жағдайға алаңдаушылық білдіріп, ішкі сириялық шиеленістің тек бейбіт жолмен және сириялықтар өздері ғана шешуі қажет деген бағдарын берік ұстанып, Қазақстан Сирия оппозициялық күштер өкілдерінің диалогы алаңын ұсыну шешімін қабылдады және келіссөздердің сәтті өтуі үшін қажетті жағдай жасады.

Сонымен бірге, Қазақстан сириялықтар арасындағы келіссөздер Сириядағы шиеленісті реттеу жөніндегі Женева үдерісі шеңберінде одан әрі жалғасатынына және нәтижелі аяқталатынына үміттеніп, алдағы Астанадағы консультациялар Женевадағы келіссөздердің сәтті өтуіне қосымша демеу береді деп ниеттенуде.


Келіссөздер жабық есік форматында өтетін болады. Олардың нәтижесі бойынша қатысушылардың баспасөз-конференциясы өтеді деп күтілуде. Нақты орны мен уақыты туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады.