Нәтижесінде қазақ елінің намысын қорғаған жерлесіміз Диас Биджиев бас жүлдені жеңіп алды. Ал 2-ші орынға ресейлік Валерий Кищенко жайғасса, үздік үштікке украиналық Михаил Греков қол жеткізді.
Стрит Уоркаут спорты белтемір, қырлы бөренелер сынды қарапайым спорт құралдарында өнер көрсететін спорт түрі. Онда спортшылар қайталанбас, жұрт тамсанарлық өнерлерімен жанкүйерлерін тәнті етті. ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға АҚШ-тан осы «көше жаттығуларының» негізін қалаушы Гэннибал Кинг, Украинадан Денис Минин арнайы келді.
Спорттың бұл түрін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан Street Workout спорты туралы қысқаша тоқталып өтейік. Спорттың бұл түрінің пайда болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Алғаш рет құрлықтың арғы бетінде Америка Құрама Штаттарында дүниеге келді.
Тарихы тым тереңде болмаса да, аталмыш спорт түрі қысқа ғана уақыт аралығында елімізде де кеңінен етек алып, ресми түрде бұқаралық спорт түрі болып танылды. Спорт түріне деген жастардың қызығушылығының арқасында арнайы федерация да құрылды.
Бұл спорт түрінің басты ерекшелігі - аса бір шығынды талап етпейді. Кез-келген уақытта, кез-келген спорт алаңдарында, тіпті қала орталықтарында, көшелерде, саябақтарда да шұғылдана беруге болады. Бір сөзбен айтқанда, өте қолжетімді спорт түрі. Тағы бір ерекшелігі - тәнді шынықтырып, жанды тынықтырып қана қоймай, қатаң тәртіпке баулиды, рухты шыңдайды, жаңа жетістікке жігерлендіре отырып, биік мақсаттарға жетелейді. Және бастысы - адамның өзін-өзі жетілдіруінде айтарлықтай септігін тигізеді.
Бүгінгі таңда елімізде спорттың бұл түрімен айналысатын жастардың қатары күннен күнге артып келеді. Мұндай әлемдік сайыстың Қазақстанда өтуі де тегін емес. Бұл елімізде мейлі, қай спорт түрі болса да, аса жоғары қарқынмен дамып келе жатқандығының белгісі.
Шындығында, кез-келген жанды салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын бұл шараның мән-маңызы зор.
Айта кетелік, Стрит Воркауттан әлем біріншілігінде Қазақ елінің атынан Дияс Биджиев өнер көрсетті.
Шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасының «Street Workoot Street Lifting» федерациясы, халықаралық «Street Workoot Street Lifting» федерациясы ұйымдастырды.