Астанада сүйіктісін өлтірген леcби қыздар ұзақ мерзімге сотталды

Лесби махаббатын жер жастандырып, өзі түрмеден бір-ақ шыққан Александра Лидің бүгін тырысқан  шекесі бір жазылмады. Оған еріп қолын қанға малған құрбылары да қобалжулы. Астана соты да процесті созып,  қылмыскер қыздарды  көп әуре-сарсаңға салмады. Судья Кристина Чернышеваның денесін бөлшектеп тастаған Александра мен оның сыбайластарына  қатысты іске небары бір-екі айдың ішінде нүкте қойды. 

Ербол Рахымбеков, судья:  

-Сот Александра Лиді 15 жылға, Марина Гурееваны 13 жылға, Диана Нұржанованы 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы  үкім шығарды. Сотталушылар жазасын жалпы түзеу мекемесінде өтесін.

Мұндай үкімге жасы жиырмадан енді асқан бойжеткендердің қуана қоймағаны анық. Алайда басты айыпталушы Александра Ли біржыныстық некедегі жары Кристина Чернышеваны айуандықпен өлтіргеніне еш өкінбейтінін ашып айтты.

Александра Ли, сотталушы:

- Қорқынышпен өмір сүруден шаршадық. Күнде үрейлене бергенше, ақыры осындай сұмдықпен аяқталғаны дұрыс болды. Гуреева мен Нұржанова Чернышеваның анасынан кешірім сұрады. Ал мен олай жасамаймын. Ол қыз өлмеген күнде де түрмеге отырар еді.  

Сотталушылар Чернышевамен Астанада танысып, кейін топтасып жеңіл жүріспен табыс тапқан. Араларындағы ең жасы үлкені Александра Ли жеңгетайлары болса, марқұм Кристина клиенттрден тапсырыс қабылдап отырған көрінеді. Ли «ғашығын» өлтіргеніне өкінбегенімен, соттағы соңғы сөзінде Чернышеваны шын сүйгенін айтып, ағынан жарылды.


Мен оны сүйдім. Жағдайын жасадым. Ақшадан тарықтырмадым. 

Біржынысты некедегі лесбилерге қатысты шу былтыр шыққан еді. «Каролина» деген лақап атпен танымал 24 жастағы Александра мен марқұм Кристина Қарағандыда «үйлендік» деп дүркіретіп той өткізді. Бірақ бірнеше айдан кейін ғашықтардың арасынан жанжал шығып, кейін Александра  сыбайластарының көмегімен өзінен 6 жас кіші сүйіктісін айуандықпен өлтіріп, денесін айдалаға апарып өртеп жіберген. 

Енді дәл осылай  қол ұстасқан бойы үш құрбының әрқайсысы он жылдан аса өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Ал марқұм Кристинаның туыстары сот үкімін тыңдауға келген жоқ. Бірақ сотталғандардың әрқайсысы Чернышеваның анасына моральдық өтемақы ретінде 1 млн. теңгеден төлеуі тиіс.