Көрмеде Астана жұршылығына 15 сурет ұсынылды. Бұның алдында олар алғаш рет Сиэтлде (АҚШ) ұйымдастырылған көрмеде қойылған болатын.
Шығармашылық жолының басталғанына аса көп уақыт өтпесе де, қазақстандық суретшiнiң өнерi шет елдерге де танымал. Тағдырдың жазуы болар, ол бүгiнде американың Сиэтл қаласында тұрады және аракідік туған жерге келіп отырады. Л. Османның айтуынша, ол шығармашылық шабыт пен рухани байлықты тек өз елі - Қазақстанда ғана ала алады. Оның Отанына, жеріне деген сағыныш сезімі жұмыстарынан байқалады.
Автордың айтуынша, бүгінде еліміздің жаңа елордасындағы мәдени даму үдерісі күн өткен сайын қарқын алуда және адамдардың өнерге деген қызығушылығы артып келеді. Тек соңғы жылдардың өзінде Астанада Л. Османның бірнеше көрмелері өткізілді. Сонымен қатар Париж, Мәскеу, Ыстамбұл, Анкара, Ізмір, Сеул, Варшава, Гаага, Брюссель, Вена, Амстердам, Вроцлав, Эйндховен қалаларында жұмыстары қойылған болатын.