Кеште Ернар Мыңтаевтың басқаруындағы Ғ.Жұбанов атындағы Мемлекеттік шекті квартеті, Романовтың Acapella Band хоры және танымал эстрада жұлдызы Батырхан Шүкенов жиналған қауым алдында өнерлерін паш етті.
Концерттен түскен қаржы аса ауыр өкпе дертіне шалдыққан 27 жастағы астаналық азаматша Әсел Құрманғалиеваның емделуіне жұмсалады. Акция аясында өзгенің қайғысына қабырғасы қайысатын адамдар, әріптестер мен жолдастардың көмегімен шамамен 15 000 еуро жиналған көрінеді. Шетел емханасы Әселдің операциясы мен химиотерапиясына қажетті қаражатты 60 мың еуроға бағалап отыр.
«Бүгінгі қайырымдылық концерт бір адамның өмірін құтқаруға арналған елеулі шара. Әсел Құрманғалиева басына қандай іс түспесін мойымайтын жан. Дәрігерлердің шығарған «үкімінен» кейін де ол өмір сүріп, қатерлі дертке қарсы күресуде. Сондықтан біздің бүгінгі қайырымдылық концерт «Өмір үшін» деп аталады», дейді ұйымдастыру комитетінің жетекшілерінің бірі, Әселдің жақын туысы Бибігүл Махметова.
«Біз Әселдің туыстары атынан бүгінгі концертті ақысыз өткізуге келіскен әртістерге мың алғысымызды білдіреміз», дейді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанда бейдауаға (рак) қарсы шетелге емделуге квота берілмейді.