Астанада Тәуелсіздік күніне орай отшашу болады

Елорда әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын Тәуелсіздік күнімен құттықтайды және бас мемлекеттік мейрамның құрметіне қала тұрғындары бос уақытын қызықты өткізуі үшін бірқатар мәдени-бұқаралық шара ұйымдастырды, деп хабарлайды Baq.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

16 желтоқсан күні сағат 11:00-де ЭКСПО аумағында «Ұлы дала елі» монументі ашылады. Сол күні сағат 17.00-де «Астана Опера» театрында «Тәуелсіздікке шашу» мерекелік концерті өтеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты концерт 16 желтоқсанда «Бәйтерек» монументінің алдында Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өтеді. Ал ауқымды мерекелік отшашуды сағат 22:00-де елорданың бірнеше ауданында, атап айтқанда, Есіл өзенінің жағалауында, Пушкин көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысында және «Хан-Шатыр» сауда орталығының сыртында тамашалауға болады.

Сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтары күні бойы қалалық қоғамдық көлікпен тегін жүре алады.


Сонымен бірге, 18 желтоқсанда «Хан Шатыр» СОСО маңында еліміздің бас шыршасының шамдары жағылады.

Бұған қоса, мереке күндері қоғамдық тәртіпті, жеке және мүліктік қауіпсіздікті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 1500-ге жуық ҚР ІІМ Ұлттық ұлан әскері мен полиция қызметкері, 200-ге жуық арнайы машина тартылады. Сондай-ақ, ТЖД жеке құрамынан 4 бөлімше, 204 адам жұмылдырылады.