Қала іргесіндегі саяжай тұрғындары естерін жия алмай жүр. Күні кеше ғана мына үйдің алдында асыр сала ойнаған 2 жастағы Марина мен 4 жастағы Любаның тірідей отқа жанып кеткеніне әлі сене алар емес.
Ирина Попова, саяжай тұрғыны:
- Ол әйел балаларын үнемі қараусыз қалдыратын. Біресе ішіп жоғалып кетеді, біресе бейшара қыздарды далаға қаңғыртып жібереді. Осындағы барлық тұрғындар болып екі баланы үйімізге кіргізіп тамағын береміз, моншамызға түсіретінбіз.
Мына бейнекөрініс өрт кезінде түсіріліпті. Тұрғындар өрт сөндірушілер дер кезінде келсе, балаларды құтқарып қалуға болар еді дейді.
2 қабатты үйден шыққан өрттен тек күл-қоқыс ғана қалған. Ұшқан темір-терсек, кірпіштер. Тіпті, аулада байлаулы тұрған итке дейін өртеніп кеткен. Жалынның лезде күш алуына бензин толы мына канистр себеп болса керек. Ал көршілерінің айтуынша, 23 жастағы Александра Ефтесеева ішімдікке құмар екен. Бірнеше рет тіпті учаскелік полицияны да шақырған. Алайда, олар тізімге алдық деп, сол күйі жаза қолданбаған.
Ольга Черковская, саяжай бірлестігінің төрайымы:
- Біз полицейлерге «мына әйелге шара қолданыңдар» деп, бірнеше мәрте айттық. Ең болмаса балаларды бөлек жерге әкетуді сұрадық. Есіл аудандық ішкі істер бөлімі ол әйелге қарсы шара қолданбаса, онда біз не істей аламыз?
Тәртіп сақшылары дер кезінде шара қолданса, балалар бүгінде аман-есен болатын еді дейді тұрғындар. Сондықтан жұмысына салғырт қарған учаскелік инспектордың үстінен прокуратуға арыз түсірген. Ал, полицейлер болса, баласына салғырт қараған ананы жазалудың орнына, ауылына қайтарып жіберіпті.
София Әнуарбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
- Осы екі баланың мерт болуы жағдайы бойынша қазіргі уақытта тексеру амалдары жүргізіуде. Екі баланың анасынан жауап алынып, үйіне жіберген.
Дегенмен көршілері енді маскүнем ананы бұл маңайға жуытпақ емес. Ал, қатты қорыққаннан төсектің астына кіріп, бір-бірін құшақтаған күйі жанып кеткен Люба мен Маринаның көз жұмған орнына таңертеңнен бері гүлдерін әкеп қойып жатыр.