«Біз бүгіннен бастап оқушыларды кәсіпкерлікпен айналысуға тәрбиелеп, мектеп қабырғасында жүріп-ақ бизнес саласында жаңа білім алуына, сосын оны үлкен өмірде өз пайдаларына қолдануға үйретуді жоспарлап отырмыз. Оның үстіне, бізде кәсіпкерлікке үйрететін оқу орындары жоқ. Бізде тек технолог, инженер, заңгер, экономист сияқты мамандықтар үйретіледі, бірақ ол жеткіліксіз. Сондықтан, SAGE Kazakhstan ұлттық чемпионатын өткізу өте орынды бастама деп есептейміз», - деп атап өтті ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов.
Айта кетейік, SAGE - коммерциялық емес халықаралық білім беру бағдарламасы. Ол оқушыларға әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, орта және жоғары сынып оқушылары арасында халықаралық олимпиадалар өткізеді. Бағдарлама Калифорния мемлекеттік университетінің бастамасымен құрылған болатын.
Жыл басынан бері өңірлерде өткізілген іріктеу турларынан 15 команда үздік деп танылып, олар бүгінгі ұлттық чемпионатқа қатысып отыр. Оқушылар «Әлеуметтік маңыздағы бизнес» және «Әлеуметтік кәсіпкерлік» деген екі бағыт бойынша сайысқа түседі. Ұлттық чемпионаттың нәтижесі бойынша екі жеңімпаз таңдалып алынып, олар 13-ші SAGE World Cup-2015 әлемдік чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайтын болады. Әлемдік бәсеке Оңтүстік Кореяда 7-10 тамызда өтеді.
Айта кетейік, SAGE білім бағдарламасы тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Бразилия, Қытай, Филиппин, Украина, Ресей, Оңтүстік Корея, Нигерия, Оңтүстік Африка және басқа да көптеген елдерде жұмыс істейді.