Астанада үйдегі газды пайдалану ережесін бұзу дерегі жиілеген

Мамандардың пікірінше, қаланың көптеген тұрғындары әлі күнге дейін газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелеріне немқұрайлы қарап келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Атап айтқанда, жыл басынан бері Астана қаласында газ құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан ондаған өрт оқиғасы тіркелді.

«Кез келген өрт адам денсаулығына қауіпті, бірақ газ баллонының немесе газ құрылғыларының тұтануы жарылыс қаупін тудырады, ал бұл адам өліміне алып келуі мүмкін. Тұрмыстық қажеттіліктер үшін қолданылатын газ ауамен араласа отырып, жарылғыш қоспа түзеді. Ғимарат ішіне таралған газ жарылуы мүмкін, бұл үшін сіріңке немесе электр жарығын қосқыштың ұшқыны сияқты от көзі жеткілікті», - дейді ТЖД мамандары.

Ведомствоның мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні Астанада газ баллондарын халыққа заңсыз сататын көптеген жеке тұлғалар бар, олар - газ баллондарын арнайы техникалық бақылаусыз және өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып өткізеді.

«Газ шаруашылығындағы қауіпсіздік ережелеріне» сай, баллондарды газ шаруашылықтары кәсіпорындарының жұмыскерлері ауыстыруға тиіс. Баллонды алмастырған соң газ кәсіпорнының жұмыскері баллонның редуктормен қосылған жерінде саңылаудың жоқтығын сабын эмульсиясымен тексеруге міндетті. Осы ретте газ шығатын жерді ашық отпен іздеуге болмайды, бұл өртке алып келеді.

Газ баллонын сатып алған кезде сатып алушылар тығыздағыш шеңбердің бар екеніне, дәлірек айтқанда балллон корпусында тот басу мен деформациялану белгілерінің жоқтығын тексеруге тиіс.


Газ қондырғыларын пайдаланған кезде тұтынушылар өрт қауіпсіздігі ережелерін тексеруге тиіс. Соның ішінде, газдың шығуы кезінде ғимарат ішінде өрт немесе жарылыс болу мүмкіндігін білуі керек. Газдың шығып жатқанын иісінен анықтауға болады. Газ иісі сезілген жағдайда газ плитасының кранын жауып, баллонның редукторын шешіп, баллонды көшеге шығару қажет; үй терезелерін ашып, желдетіп, мамандарды шақыру керек.

От жағуға, темекі шегуге, электр құралдарын, жарықты қосуға не өшіруге болмайды. Сондай-ақ, газ баллондары жылыту радиаторынан 1 метрден кем емес қашықтықта, пештен 2 метрден кем емес қашықтықта орнату қажет, деп кеңес береді мамандар.