-Бүгін екінші түн түнедік...
Жафаровтар отбасында тоғыз адам бар. Далада қаңғып қалған жанұяның қазіргі күні ауладағы дәл осы аядай шатырға қарап тұр. Құстың ұясынан сәл-ақ кең шатырдағы тар төсекке шиеттей бала-шағаны айтпағанда, келін мен қайын атаның қатар сыюына тура келеді. Ал, бұған дейін олар әкімдік берген қонақ үйде уақытша тұрып келген, енді ол жерден де қуылып отыр.
Семизар Жафарова, Астана қаласының тұрғыны:
-Бесінші күні бізді қонақ үйден шығарып жіберді. Өздерің төлеңдер деді, оған менің күніне 8 мың теңгем жоқ. Амал жоқ, палатка тауып екі күннен бері осында жатырмыз. Бірақ анда бала-шағамды кіргізбеймін, 5 күн, бір ай болса да.
Тұрғыдар «жуымаймыз» деп өртеніп кеткен мына ескі жатақханадағы бөлмелерін меңзеп отыр. Екінші қабатта тұтанған оттан кейін бірінші қабаттағы баспаналардың да қабырғасы қақырап қалған.
Бірақ әкімдіктегілер өрттен кейінгі жатақхананың дәл осы бірінші қабатын еш қауіпсіз деп, жұрттың қайта жайғасуына рұқсат етіп отыр. Шенеуніктер адам тұруға жарамды деп шешкен аумақ мынау: дәл осындай кіре берісі мен әжетхана, жуынатын бөлмесі бар жерде адам түгілі ит байласа тұрмайтыны анық.
Сарыбай Оразқұлов, Сарыарқа аудандық әкімдігі инфрақұрылым бөлімінің басшысы:
-Бірінші қабаттың тұрғындары сол жерде қала береді. Оның тұратын, тұрмайтыны, құлайтын-құламайтиыны туралы комиссия құрылған. Қауіпті емес деген шешім қабылдады.
Ал қызыл жалын шарпыған қабаттағы жағдай одан да қорқынышты. Жан-жақтың бәрі өрттен қалған үйінділер, күйік шалған қабырға. Аумақты ара-тұра әкімдіктегілер келіп, аралап кетеді екен. Бірақ тұрғындарға тіл қатпайды. Бүгін де солай болды.
-Сексен жыл бұрын салынған бұл жатақхана өрт шықпай тұрып-ақ адам тұруға болмайтын, қауіпті баспаналардың қатарында болған екен. Қызыл жалынға шарпылғаннан кейін жағдайы мүлдем ушығып отыр. Ал әкімдіктің жоспары бойынша, баспана екі жылдан кейін сүрілуі тиіс. Сондықтан үйлері жанып кеткен тұрғындарға дәл осы күл-қоқыстың ортасында әлі талай күнін өткізуге тура келеді.