Астана шаңырағын, елорда топырағын екі күнге әнмен тербеткен Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің Саха, Алтай өңірлерінен келген дәстүрлі музыканың қыр-сырын жетік меңгерген өнерпаздар шертпе, ыспалы, үрлемелі аспаптарда бар өнерлерін көрсетіп, ән- жыр, терме, нақыл- насихат, дастан-эпостарды орындап берді.
Сонымен қатар «Ұлы дала сазы» фестивалі аясында сырдариялық, жетісулық, батысқазақстандық, арқалық ән өнерлері ұсынылды. Ал Алтай қазақтарының музыканттары «жанды орындау» шартымен ежелгі түркі музыкасының керемет дәстүрі - көмекеймен ән салу өнерімен жұртты тәнті қылды. Астана тұрғындары бұл кеште хакас пен қырғыз қомузы, сыбызғысы, қазақтың шаңқобыз, қылқобыз, домбыра аспаптарында орындалатын әуезді күйлеріне құлақ құрыштарын қандырып қайтты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық фестивальдің мақсаты - түбі бір түркі халықтарының мәдениетін біріктіру, олардың ән-жырын, күйі мен сазын, эпосын жан-жақты насихаттау, сонымен қатар, дәстүрлі музыканың барлық жанрларын, әсіресе кенже қалған, сирек ұшырасатын аспаптарда орындалатын жанрларды жаңғырту.
Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаровтың атап көрсеткеніндей, бағзы түркі халқы батыс пен шығысты жалғаған үлкен аймақта жайғасып, бір-бірін түсінісе алатын бір тілге, бір жазуға ие болды. Бір мәдениет ұстынында ұйысып отырды. Қазір болса, түбі бір түркі халықтары, бір-бірін белгілі бір білімге ие болмай тұрып түсінісе алмайтын күйге жетті.
«Түркі әлемінің бір ұстыны - оның әуені. Ол әуенді біз кедергісіз түсінеміз. Ешқандай қиналыссыз ұғамыз»,-дейді Б. Омаров.
Шара Қазақстан Президентінің бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр.