Бұл туралы Астана қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады.
Басқарма мәліметтеріне қарағанда, волейболдан әуесқой командалар арасында өтетін чемпионатқа мемлекеттік және спорттық мекемелердің өкілдерінен, сондай-ақ қарапайым спортсүйер қауымнан құралған барлығы 12 құрама қатысады. Ойындар ережесі шеңбер жүйесі бойынша құрылады. Мереке күндері қаладағы Политехникалық колледждің спорт залында ойынның 3-кезеңі өтті. Онда Ұлтттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерін 3:0 есебімен тізе бүктірді. Ал Бас прокуратура қызметкерлерінен құрылған команда «Целиноград» атты әуесқой волейболшылар командасымен кездесіп, «целиноградтықтар» прокурорларды 3:0 есебімен жеңді. Сондай-ақ «Әскери құрылыс» командасы «Ардагер» тобымен бәсекеге түсіп, ардагерліктер «Әскери құрылыс» командасына 3:0 есебімен ұпай жіберіп, жеңіліс тапты.
Енді 17 наурыз күні «7-ші арнаның» спорт залында «Ұлан» ұлттық гвардиясы мен Парламенттің құрамалары өзара бақ сынасады. Сондай-ақ онда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «7-ші арна», «Өркендеу», «Вечерняя Астана», Астана қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы командаларының ойындарын да тамашалуға болады. Ойындар сағат 15:00-де басталады.