Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлаған кезде тұрғындарға көмек көрсетуге ұмтылып, өзі ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қайтыс болды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 8 қарашада ғимараттан құлаған кондиционер Ұлдананы ауыр жарақаттаған. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасаса да, ол 18 қараша күні көз жұмды.
"Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік міндетін атқару кезінде тұрғын үй кешенінің қасбетінен сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бір бөлігінің құлауы салдарынан ауыр жарақат алған фельдшердің 18 қарашада қайтыс болғанын терең күйзеліспен хабарлайды", — делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Ұлдана бес жыл бойы фельдшер болып жұмыс істеген. Туыстары оның қауіпті мамандықтан кетуін қалағанымен, ол өз кәсібін ерекше жақсы көріп, өзгеге көмек көрсетуді — адамдық парызым деп білген. Сонымен қатар, ол небәрі бірнеше апта бұрын ғана тұрмысқа шыққан.
Марқұмның күйеуі оның ерлігі мен адамгершілігін айтып, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті.
«Егер ол мені қазір естіп тұрса, мен оған қатты сағынғанымды және қатты жақсы көретінімді айтқым келеді», — деді ол.
Бұған дейін Астанада тұрғын үйдің сыртқы қабырғасы құлап, бірнеше адам зардап шеккені, ал жедел жәрдем фельдшері Ұлдананың ауыр жараланғаны хабарланған болатын.
Оқиғаға байланысты тергеу жалғасып жатыр.
Салғырттық пен немқұрайлылық адам өліміне әкелді. Бұдан бұрын Caravan.kz медиа порталы Астанадағы тұрғын үйлердің опырылып жатқаны туралы сараптамалық материал жазған. Белгілі болғандай, бұл үйді кезінде «Гражданстрой» компаниясы салған. Қазір компания жоқ, иесі қайтыс болған. Демек, құрылыс сапасына жауап беретін нақты тұлға жоқ. Алайда архивте құрылыс актілері мен авторлық қадағалау құжаттары сақтаулы мүмкін. Тұрғындар сол материалдарды көтеруді талап етіп отыр. Тұрғындар 2014 жылдан бері мемлекеттік органдарға шағымданып келеді. 2019 жылы ресми хат жолдаған. Мемлекеттің үнсіздігі салдарынан жас фельдшер өмірімен қоштасты. Енді бұған кім жауапты?