Астанада ЮСАИД пен MMS бірлесе отырып, теңіздегі мұнайгаз операцияларына инспекция жүргізу жөніндегі халықаралық тәжірибені зерттеуге арналған оқыту семинарын өткізе бастады

Бұл семинар ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігі, ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігі, ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі, "ҚазМұнайГаз ҰК" АҚ, "Аджип ККО" және басқа да мекемелердің 20-дай өкіліне арналды.

Семинардың басты мақсаты қатысушыларды АҚШ-тың табиғи ресурстарды басқару қызметінің (MMS) теңіздегі мұнайгаз операцияларын жүргізу барысында бұрғылау және басқа да өндірістік жабдықтарға инспекция жүргізу тәжірибесі мен әдістерімен таныстыру болып табылады. АҚШ үкіметінің қарамағындағы мұнайгаз ресурстарын игеруді реттейтін федералдық орган болып табылатын MMS теңіздегі мұнайгаз операцияларына инспекция жүргізуде ауқымды бірегей тәжірибеге ие.
MMS өкілі Кевин Кункель: "Қазақстанда теңіздегі мұнайгаз операциялары енді ғана игеріле бастағанын ескерсек, Қазақстанға біздің тәжірибенің пайдасы тиеді деп сенемін",- деп атап көрсетті.
Семинар барысында оған қатысушыларға теңіздегі мұнайгаз операцияларын жүзеге асыруда құқықтық-нормативтік актілер мен тәртіптің сақталуына инспекция жүргізу процедурасы, бұрғылауға рұқсат алу, төтенше жағдайлар туындағанда есеп беру жүйесіне қойылатын талаптар тәрізді көптеген мәселелер бойынша халықаралық тәжірибе таныстырылады.
NRMP бағдарламасының мұнайгаз жобаларының жетекшісі Дэвид Баркердің айтуынша, "теңіздегі мұнайгаз операцияларына инспекция жүргізу мемлекет үшін де, реттеуші органдар үшін де, мұнайгаз компаниялары үшін де айрықша маңызды. Уәкілетті мемлекеттік мекемелер экологиялық қауіпсіз операцияларды қажетті нормативтік талаптарды сақтай отырып жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін мұнайгаз компанияларының іс-қызметіне негізсіз араласпай-ақ қадағалау шарасын жүзеге асыруы тиіс".
"Бұл семинар Қазақстанда теңіздегі мұнайгаз операцияларына инспекция жүргізудің әділетті әрі экологиялық қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға өзіндік үлесін қосады деп сенемін",- деді Д.Баркер.