Далада қаңғып қалған отбасы бүгін дәл осы аулада түнемек. Түйіншектерін түйінген жанұяның бұдан өзге барар жері жоқ. Олар үш жылдан бері паналап келген ескі үйді қожайыны жуырда сатып жіберіпті.
Егер пана болар орын табылса көшіп кету аса қиынға соқпас еді, - дейді Оразгүл. Өйткені, жанұяның меншігінде жүк болардай ауыр дүние де жоқ, ең құнды деген мына теледидар ғана. Жалғызбасты ананың табысына қараған бұл үйдегі қара қазан да күнде қайнамайды. Жоқтыққа шиеттей бала-шаға әбден көніккен. Олар күні бойы бір үзім нанды да қанағат тұтады.
Оразгүл Атығаева, Астана қаласының тұрғыны:
- Елдер айтып жатты ғой, ойбай, Астанаға барсайшы. Сенің 6 балаң бар екен. Барсаң, үй береді екен, көмектеседі екен 6 баласы барларға деп. Жұмыс болады деген соң келдім. Енді далада отырмыз. Баратын жер жоқ. Балаларымды мен мектепке де жібере алмаймын. Оны ойлауға мүмкіндік жоқ менде.
Ең өкініштісі ержетсе ел қорғаны болатын мына ұл-балалардың жоқтықтан жасқаншақ болып қалғаны. Үйдің үлкені 16 жаста, ал кенжесі 9-ға толады. Биыл олардың біреуі де мектепке бармайды. Себеп, киім-кешек түгілі оқуға қажетті құрал-сайманға да қаржы жоқ.
Ерік Атығаев, Астана қаласының тұрғыны:
- Жасым келмеген, әйтпесе тұрақты жұмыс істеуге болатын еді. Оқуға да түсе алмаймын. Оған жағдай жоқ. Электрик болғым келген.
Алты баланы дүниеге әкелген ана мемлекеттен бір тиын жәрдемақы алмайды екен. Балаларының туу туралы құжаттарын ұрлатып, «Күміс белгіден» де құр қалыпты. Ал, өз ұрпағынан безінген безбүйрек әкеден бірнеше жылдан бері хабар болмапты.
Бұл отбасы Астанаға 9 жыл бұрын көшіп келген. Олар орныға салысымен қалалық тұрғын үй департаментіне құжат тапсырып, баспанаға кезекке тұрған екен. Екі жыл бұрын жанұя пәтер күтіп жүргендердің сапында бес мыңыншы болып тұрғанын білген. Ал, екі күн бұрын әкімдіктегілер Атыбаевтардың белгісіз себептермен тізімнен мүлдем түсіп қалғандарын хабарлапты.