Астанада жаңа әуежай құрылысы 2027 жылы басталады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев 2026 жылғы 1 шілдеде өткен Үкімет отырысында Астанадағы жаңа әуежай құрылысының қашан басталатынын және қандай әуежайлар жаңғыртылатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, алдағы үш жыл ішінде Қазақстанның әуежай инфрақұрылымы ауқымды жаңғыртудан өтеді.

"Бұған дейін айтылғандай, Астана әуежайын жаңғырту – басым міндеттердің бірі. Қазіргі уақытта қала әкімдігі қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құрылысты 2027 жылы бастау жоспарланып отыр. Авиациялық хабтарды дамыту жұмыстары Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы алты ірі әуежайда шоғырландырылады. Бұл үшін қажетті институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасалуда", – деді Нұрлан Сауранбаев.

Оның сөзінше, жүк авиациясын дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық логистикалық тізбектерге ықпалдасуын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Министр осы бағытта мемлекет тарапынан қажетті шешімдер қабылданып, жүк авиациясын дамытудың бес жылдық жоспары әзірленгенін атап өтті.

Еске салайық, 2026 жылғы 30 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада жаңа әуежай салу мәселесін созбалаңға салмауды тапсырған болатын.