Астанада жаңбыр суы үйіне кірген тұрғындар наразылық білдірді

-Қазір астаналықтар қолшатырды тастап су өткізбейтін мынадай күртеше сатып алуға көшкен. Аяқтарында жаппай резеңке етік.Оның өзінде тізеден келетін суды кешіп үйлеріне әзер кіреді. Жеке сектордың тұрғындары әкімдік қолда бар техникасын Астананың орталығын құрғатуға жіберіп бізді мүлдем ұмытып кетті деп өкпелі. Себебі су соратын техника мұнда бір апта бойы келмеген.

Құтқарушыларды сол 6 күн бойы шақырып келтіре алмаған Ханшайым Бекайдарованың шағын сарайы құлағалы тұр. Қабырғалары сөгіліп, жарылған төбесінен дала көрінеді. Дүние-мүлік те түгел су астында.

Ханшайым Бекайдарова, Астана қаласының тұрғыны:

-Бәрін жаңадан несиеге алған едім. Енді қайда барам мен? Далада қалдым ғой . Ешкімге керек емеспін. Қиын болды. Денсаулық жоқ. Білмеймін не істейтінімді?

Ханшайымның көршісі Айдардың киімінің бәрі малмандай су болғандықпен бұтында шолақ шалбар. Мұның үйін де жаңбыр суы басып қалған. Тобықтан асатын суды шелектеп төксе де бітер емес. Бала-шағасы болса көршілердің үйін паналап отыр.

Айдар Тоқбергенов, Астана қаласының тұрғыны:

-Түні бойы сордық сатып алған насоспен. Түк шықпады.Міне қабырғалар құлап жатыр. Үй саманнан салынған. Тағы 2-3күн жаңбыр жауса құлайды.

Астана әкімдігі үлгермей жатырмыз дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Бас қалаға соңғы 5 тәулікте бір айдың жаңбыры жауды деп ақталып отыр. Қазір Елорда көшелерінде жүзге жуық су соратын техникалар күні-түні жұмыс істеуде. Ағатын арық таппай көшені жайлаған қызыл судан арылу әзірше мүмкін емес сияқты. Оның үстіне синоптиктер аптаның соңына дейін нөсер тоқтамайды дейді. Сондықтан судың зардабын шеккендердің шенеуніктерге емес, өз күштеріне сенуден өзге амалы жоқ.

Loading...