Астанада «Жастар ауылы» құрылды


Онда түрлі патриоттық іс-шаралар өтті, қала студенттері қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты түрлі ұлттық ойындарда өз бақтарын сынап көрді. Жобаның ең маңызды тұстарының бірі жеке тұлға ретінде қалыптасуға бағытталған тренингтер мен семинарлардың өтуі болды.

«Жиналған қауымға «Уақытты басқару» тайм-менеджменті, «Топ құру», «Күйзелісті басқару», «Коммуникацияны басқару» тимбилдингі бойынша өткен тренингтер ерекше әсер етті. Олар осы жерде үйренген дағдылары мен алған білімдерін өмір бойы пайдаланса игі еді», - деп атап өтті «ZhasStar» жастар саясаты орталығы төрағасының орынбасары Сәбен Тынышқали.

Жобаның басты мақсаты патриоттыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, жастарды уақытын тиімді пайдалана білуге үйрету, командада тиімді жұмыс істей білуге дағдыландыру болып табылады. Шараға жалпы 1500-ден астам адам қатысты.