Концерт бағдарламасында: симфониялық оркестрдің орындауындағы Д.Шостаковичтің «№7 Ленинградтық симфониясының 1 бөлімі», ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, ҚР Мәдениет қайраткері Қияқбай Асамбаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Азамат Жылтыркөзов, Татьяна Хасьянова, Бибігүл Жанұзақ, Татьяна Вицинская, Бәтима Изенаеваның соғыс тақырыбына арналған әндері бар.
Д.Шостаковичтің «№7 Ленинградтық симфониясы» Ұлы Отан соғысы кезеңінің көрнекті туындыларының бірі. «1941 жылғы сұрапыл соғыс көріністері симфониямның дүниеге келуіне түрткі болды», - деп ағынан жарылады автор.
Шостаковичтің жетінші симфониясы соғыс жайлы баяндайтын деректі шығарма іспетті, онда өмірге құштар, зұлымдыққа жаны қас халықтың рухы сезіледі, сондықтан болар жетінші симфония «жылнама» деп те аталады. Алғаш рет бұл ғажайып туындыны 1942 жылдың 9 тамызында неміс әскерінің қоршауында қалған ленинградтықтар тыңдады. Ұлы туынды халықтың бойындағы жанкештілік, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін қайрап, жеңіске деген сенімін нығайтты.