Кеш барысында елордалықтар және астаналық жазушылар Жетісу өңірінен келген өнер майталмандарымен және мәдениет қайраткерлерімен дидарласуға мүмкіндік алды. Оңтүстік астанадан келген өнерпаздар өңірдің танымал күйлерін, өлеңдерін, әндерін орындап, шара соңын үлкен думанмен ұластырды.
«Жетісу - тек байлықтың жері емес, жер жәннаты ғана емес, ақын-жазушыларды берген, Жамбыл, Сара ақын, Мұқағали Мақатаев, Нұрғиса Тілендиев сынды дүлдүлдер шыққан құтты мекен», - дейді шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мәдениет вице-мимнистрі Ғазиз Телебаев.
Оның айтуынша, Астанада аймақтардың мәдени күндері барысында Алматы облысының өнер жұлдыздарының гала-концерті өтпек және Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен облыс жетістіктерін паш ететін көрме ұйымдастырылады.
Мәдени шара барысында «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты кітап көрмесі ашылды. Онда Алматы облысының тарихы мен батырлары, даңқты бабалары бен ақын-жыраулары туралы әдебиеттер қойылған. Сонымен қатар елордалықтардың назарына үстіміздегі жылы 165 жылдық мерейтойы аталып өткен Жамбыл Жабаев, сондай-ақ Мұқағали Мақатаев, Қуат Терібаев, Қалқа Жапсарбаев сынды ақын-қаламгерлердің шығармалары, қоғам қайраткерлері - Дінмұхамед Қонаевтың, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары ұсынылған.