Астанада ЖОО студенттері арасында «Үш тұғырлы тіл» атты байқау өтіп жатыр

Байқау, елорданың жоғары оқу орындарында тілдік емес мамандықтар бойынша білім нәріне сусындап жүрген студенттер мен магистранттар арасында өтуде. Барлығы - 51 қатысушы.

Шараны ұйымдастырушы Қазақ агротехникалық университетінің Гуманитарлық кафедралар бөлімі.

Ағылшын және француз тілдері кафедрасының аға оқытушысы Мағришат Байғошқарованың айтуынша, байқау қазақ, орыс және ағылшын, болмаса француз, неміс тілдерін бірдей жетік меңгерген жастардың арасында өтіп жатыр.

Үшкүндік байқаудың алғашқы күнінде олар «Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі рөлі» тақырыбында үш тілде эссе жазды. Ал бүгін тосыннан қойылған сұрақтарға үш тілде жауап беретін болады. Олардың әрқайсысы «Қазақстанда үштұғырлы тілдің маңызы қандай?» деген міндетті сұраққа және де «Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлері»; «Қазақстан Республикасының нышандары», «Қазақстан жастарының проблемасы»; «7-ші Қысқы Азия ойындары Қазақстанда» сынды сауалдарға өз пікірлерін білдіреді.

Байқаудың үшінші күнінде жүлделі орындарға «таласқан» қатысушылардың арасында қосымша сайыстар өткізіледі - бір тілден екінші тілге мәтіндерді аудару.

«Қазақстан халқы тілдерінің аясында түрлі байқаулар университет қабырғасында соңғы бес жылда тұрақты түрде өткізіліп келеді. «Үш тұғырлы» қоғам қалыптастыру саясатын жүзеге асыру мақсатындағы еңбектеріміздің жемісін көру үшін биыл байқауды қалалық деңгейде ұйымдастыруды жөн көрдік», - дейді М.Байғошқарова.

Байқау соңында барлық қатысушылар дипломдармен марапатталады, ал жүзден жүйрік шыққан үш жеңімпаз қомақты қаржылай сыйақыға ие болмақ. Сонымен бірге, «Ең мықты полиглотқа» арнайы диплом табыс етіледі.