Бұл туралы бүгін жалған банкроттықтың алдын алу мәселесіне арналған «дөңгелек үстелде» Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Асхат Мықитан мәлім етті.
«Астанада жыл сайын орташа алғанда жүз кәсіпорын банкрот болады. Оның 90 пайызында құжаттарын тапсырмайды, яғни мекемелердің құрылтайшылары мен басшылары өздерінің әрекеттерін жасыруға талпынады. Сол себепті біз қазіргі кезде бұндай фактілерді зерттеу бойынша экономикалық тергеу басқармасымен бірлескен шараларды атқарудамыз», - деді бөлім басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, биылғы бес айда 20 мекеме соттың шешімімен банкрот болды. «2012 жылы Астана бойынша 208 кәсіпорын, 2013 жылы - 126, ал 2014 жылы 93 мекеме банкроттыққа ұшырады. Осы көрсеткіштерге қарағанда, жыл сайын банкрот болатындар саны азайып келеді», - деді ол.
Қазіргі кезде жалған банкроттықты анықтау бағытында тиісті шаралар атқарылып жатқандығына тоқталған ол, «Қазір елорда бойынша 201 банкроттық үдерісіндегі мекеме бар. Олардың қаржылық құжаттары тексеріліп, талдау жасалуда. Жыл басынан бері 29 мекеме бойынша әдейі және жалған банкрот белгілері бағытында экономикалық тергеу басқарамасына құжаттар жіберілді. Бүгінде бұл тұрғыда тергеу амалдары жүргізілуде», - деді.