«Технологиялық жарақталуы бойынша әлемде осындай заманауи аффинаж зауыты тек Қазақстанда ғана болады. Толық технологиялық және шикізаттық қуаттылыққа жеткен кезде зауыт жылына 75 тонна алтын мен 400 тонна күміс шығара алады. Мұндай көрсеткіш Қазақстанның аффинажға деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді», - деді зауыт басшысы.
Республиканың мемлекеттік сараптамасы енгізген техникалық жоспар бойынша, зауыт жылына 25 тонна алтын мен 50 тонна күміс құймаларын шығаруы тиіс. Алайда зауытты технологиялармен жабдықтап отырған "IECO" компаниясымен жүргізген жұмыстардың арқасында оның қуаттылығы мен өнім түрінің саны біршама арттырылды. Енді зауыт жылына 75 тонна алтын мен 400 тонна күміс шығаруға әлеуеті жетеді.
«Демек, Қазақстанның ішкі нарығында қанша шикізат өндірілсе де, зауыт оларды өңдеуге дайын деген сөз», - деп атап өтті М.Тілеужанов.
Сонымен қатар жоспар бойынша, тек банкке арналған стандартты құймаларды шығару көзделген болса, ең заманауи қондырғылардың негізінде зауыт түрлі салмақтағы өлшемелі құймаларды және түйіршік түріндегі алтын мен күмісті шығару мүмкіндігіне ие болды.
«Мемлекет бюджетінен бөлінген қаражатқа біз зауыт өнімдерінің жиынтығын арттыра алдық. Болашақта аффинаж зауыты толық қуаттылыққа шығу үшін шетел тасымалдаушыларымен әріптестік орнататын болады. Экономикалық зерттеу бойынша, біздің зауытта алтын аффинажын жасау біршама тиімді болады», - деп түйді сөзін зауыт директоры.
Нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында зауытта үш деңгейлі күзет орнатылатын болады. Соған қарамастан, зауытта дайын алтын өнімдері қоймаларда сақталмайды. Шығарылған алтын және күміс құймалары ҚР Ұлттық банкіне жіберіліп отырмақ.
"IECO" компаниясының көмегімен зауыт қызметкерлері шетелге шығып, технологиялық кәсіпорында арнайы оқытудан өтті. Зауытта 52 техникалық жұмысшы және 32 қызмет көрсету персоналы еңбек етпек.
Айта кетейік, «Тау Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауыты - Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы негізінде Астананың Индустриалдық паркіндегі ҮИИДБ аясында жүзеге асып жатқан маңызды жобалардың бірі. Зауыт құрылысы 2011 жылы қолға алынды. Жалпы құны 5,6 млрд. теңге тұратын нысанды 2013 жылдың 16 желтоқсанында ресми түрде іске қосу жоспарлануда.